ОЙЛАП ТАБУ. ТАБУ
YEMAA Заманауи мәдениет орталығы. 2021
«Ойлап табу. Табу» - Атыраудағы YEMAA заманауи мәдениет орталығының алғашқы топтық заманауи өнер көрмесі. Көрме 1980-жылдары дүниеге келген суретшілер шығармашылығындағы визуалды символдарды зерттеуге арналған.

Жобаға қатысушылар әртүрлі көркемдік мектептердің өкілдері, түрлі медиамен жұмыс істеп, шығармашылығында кең ауқымды тақырыптарды зерттейді. Көрме аясында дәстүрлі символдардан заманауи символдарға, заманауидан постзаманауиға, заманауидан архаикалыққа және қайтадан дәстүрліге қарай қозғалысқа назар аударылады.

Француз суретшісі Жан Базеннің «Суретші өз дәуірінен тыс сурет сала алмайды» деген сөзі суретшінің барлық дәуірде өз уақытының белгісін айқындаушы, оның куәгері әрі шежірешісі қызметін атқаратынын меңзейді. Жырау, сал мен сері секілді, осы жобаға қатысқан сегіз жас суретшінің шығармашылығы да көрерменге әлеуметтік шындықтың белгілі бір көрінісін ұсынады.

Өйткені ұсынылған әр символ заманауи мәдениеттің белгілі бір құбылысын көрсетеді: Ляззат Ханым шығармашылығындағы тұтынушылық дәуірдің мүлде жаңа белгілерінен бастап, Эрмина Такенованың иллюстрацияларындағы иелену мен жаңадан табуға дейін, Сырлыбек Бекботаевтың жұмыстарындағы дәстүрдің классикалық тақырыбына дейін.

Жобаның нақты мақсаттарының бірі - Батыс Қазақстан өнер сахнасын еліміздің басқа өңірлеріндегі өзекті көркемдік тәжірибелермен таныстыру және сонымен қатар Батыс Қазақстандағы өнер ортасына тән өмір салты, тәжірибе, формалар мен символдардың кейбірін өзге өңірлер тұрғындарының күнделікті өміріне енгізу.


«Суретші өз дәуірінен тыс сурет сала алмайды»
Біз 1980-жылдары дүниеге келіп, тәуелсіз елде есейдік. Ол кезде ел өзін-өзі тану жолын іздеп, постколониалдық пікірталастардың қызу кезеңін бастан өткеріп, ұлт қалыптастыру үдерісінің бел ортасында болды. Бұл - төл ұлттық өнер мен дәстүрге, рэкетке, барахолкаға, коменданттық сағатқа және электр энергиясының жоспардан тыс өшірілуіне қатар куә болған кезең еді.

Бүгінде біз отыздан астық. Ел бір қарағанда тұрақталғандай көрінеді, алайда кейде дәстүрге сүйенетін берік негізді әлі де сезіне бермейміз. «Абай - біздің бәріміз» дейді, кейін «Абай - ешкім емес» деген сөз естиміз. Пушкинді «біздің бәріміз» деп қабылдадық, бірақ жақындай келе оның бізге қаншалықты тиесілі екенін сұрай бастадық. Хан Кенеге қойылған ескерткіштің жанында кездесуге келісеміз, жарқ етіп өте шыққан Шоқанды «біздің бәріміз» деп танимыз, Әлихан мен Тұрардың суреттерін Instagram парақшаларына патриоттық мазмұнмен жариялаймыз, бірақ олардың көзқарастарындағы қайшылықтар мен тағдырларындағы күрделі иірімдерді біле бермейміз.

Темекімен бірге Starbucks стақанындағы кофені ішеміз, азанның әуезді үніне құлақ түріп, кейде гендердің туралы ой бөлісеміз.
Бұл - идеологиядан, дін мен секуляризмнен, ғылым мен модернизациядан, тарих пен капитализмнен кейінгі әлемдегі біздің мозаикалық шындығымыз. Шындық әр бағытта кеңейіп келеді, алайда біз адаспаймыз. Өйткені коллажға ұқсас осы шындықта біз өзіміз қалағандай бола аламыз.

Сондықтан біз елестетуді, ойлап табуды тоқтатпаймыз және табылған дүниені бағалауды ұмытпаймыз.

Бұл көрме - бізге мұра болып қалған және өзіміз қиялымыз арқылы жасаған дүниелердің өзіндік жәрмеңкесі.
Көрме қатысушылары: Анвар Мусрепов, Бақыт Бубиканова, Ляззат Ханым, Дария Темірхан, Дария Нұртазина, Мансур Смағамбетов, Марат Дильман, Сырлыбек Бекботаев.

Кураторлар: Асель Ахметжанова және Асель Мукашева.

Басқа мақалалар
«Қорқынышты ертегілер» жобасы - суретшілер мен кураторлардың бірлескен авторлығымен жасалған медитативті кеңістік
Топтық көрме тағамның антропологиясы мен саясатына арналды.
asel@amafoundation.kz
malika@amafoundation.kz
instagram
whatsapp
2022-2026