«Менің жұмысым қабылдаумен байланысты. Мен күнделікті заттардың сыртқы көрінісі мен оларға қоғам тарапынан телінетін мағынаның арасындағы қарым-қатынасқа қызығамын әрі оны зерттеймін. Бақылау - біз көретін нәрсе мен елестету - оның мағынасын қалай түсінетініміз арасындағы байланысты зерттей отырып, бұл байланыстың көп бөлігі біз үшін өзінен-өзі түсінікті болып қабылданатынын байқадым. Ол көбіне айтылмай, астарлы күйінде қалады.
Мен қолданатын материалдар - күнделікті өмірде аса елеусіз қабылданатын заттар. Яғни біз олардың не үшін қолданылатыны туралы ойланбастан пайдаланатын полиэтилен пакеттер, қағаз майлықтар, резеңкелер немесе шай қалташалары сияқты қарапайым заттар. Оларды түрлі тәсілдермен қолдана отырып, осы қалыптасқан түсінікті бұзуға тырысамын. Заттарды үйреншікті ортасынан алып шығып, олардың қолданылу мақсатына қатысты жылдар бойы қалыптасқан түсінікке күмән келтіремін.
Сол сияқты қоғамдағы белгілі бір рөлдік міндеттерге де күмән келтіруге болады. Мені әсіресе әйелдік пен әйелге телінетін гендерлік рөлдің әлеуметтік тұрғыдан қабылдануы қызықтырады. Бұл қызығушылық жұмысымда материалдарды таңдау арқылы көрініс табады: мен үй тұрмысымен, дәстүрлі түрде «әйелдерге тән» кеңістікпен байланысты ассоциация тудыратын тұрмыстық заттарды қолданамын. Бұл байланысты жұмысты жасау үдерісіне, практикалық тәсілдерге және оның сырттай қарағанда қарапайым көрінуіне басымдық беру арқылы күшейтемін. Сонымен қатар заттың гендерлік сипаттағы визуалды белгілер арқылы біздің өмірімізде атқаратын жасырын рөлі туралы ойды назарда ұстаймын.
Менің жұмысым заттарды таныстыру тәсілімен байланысты. Мағынаның иерархиялық құрылымын ашу арқылы осы иерархияға күмән келтіруді мақсат етемін. Гендерлік айырмашылықтардың күнделікті заттарды белгілі бір жынысқа, атап айтқанда әйелдікке телу арқылы қалай қалыптасып, орнығатынын зерттеймін. Бұл Дафна Спейн, Генриетта Мур, Ширли Арденер, Нэнси Спектор және басқа зерттеушілердің еңбектерінде қарастырылатын «гендерлік кеңістіктер» туралы заманауи теориялармен байланысты.
Нэнси Спектордың пікірінше, кеңістікті қоғамдық және жекелеген салаларға әлеуметтік тұрғыдан бөлу, сондай-ақ интерьердегі заттарды «әйелдік» деп жіктеу жыныстық айырмашылықтарға тән бинарлық қарама-қарсылықтарды айқындап, орнықтырады. Менің жұмысымда сырттай бейтарап көрінетін нысандар үймен, дәстүрлі түрде әйелдерге тиесілі деп қабылданатын істермен және, тиісінше, әйел бейнесімен байланысты ассоциациялар тудырады. Бұл өз кезегінде жалпы адамзаттық субъективтіліктің метафорасына айналады».